Дүркіреп өтті бір тойы...
14 Қараша 2014, 16:53ugol_tit
Қарап шығу: 6 Түсiнiктер: 0
Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұловтың 90 жылдығына арналған қазақ күресінен республикалық турнир қарашаның 6-сы күні жалауын көтерген болатын. Жарыстың ашылу салтанатына Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиев, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Әскербек Нұрмаханов, БҚО бойынша қазақ күресі федерациясының президенті Қаймен Есендияров қатысты.
Санжар Жұматайұлы жарыс жанкүйерлерін өткелі отырған мерекелерімен құттықтады. 38 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан сайыс әділ өтіп, ең мықты балуан жеңіске жетуін тіледі. Сондай-ақ, жарыстың ұйымдастырылуына қаржылай демеушілік еткен Нұртай Жұмашев, Асқар Мальтиев, Арман Пернеев, Жарас Жамансариев, Есім Мамбетов және облыстық мәслихат депутаты Асқар Мерғалиев сынды белсенді азаматтарға алғысын білдірді.
Барлық аудандар мен көршілес облыстардың мықтылары жиналған байрақты бәсекеде балуандар 55, 60, 70, 80, 90 келі және аса ауыр салмақ дәрежесінде бақтарын сынады. Белдесудің бірінші күні жартылай финалдық кездесумен аяқталған болатын. Осы сында жақсы өнер көрсеткен Еркебұлан Мұсағалиев пен Алмаз Туркаев сынды қос жерлесіміз шешуші сынға жолдама алды.
Шараның келесі күнгі бөлімі Батырдың мәңгілік мекеніне айналған Амангелді ауылындағы зират басынан басталды. Батыр рухына тағзым етуге жиылған топ ішінде осы шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов, Тасқала ауданының құрметті азаматы Табылғали Сапаров, ақын Айтқали Нәріков сынды азаматтар және аудан атқа мінерлері, марқұмның туыстары мен соғыс ардагерлері болды. Марқұмға арнап аудандық мешіттің имамы құран бағыштап, жиналған қауым батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан әрі қонақтар С.Жақсығұлов атындағы спортзалға келіп, финалға жолдама алған балуандар жекпе-жегін тамашалады.
Жарыс қорытындысы бойынша 55келіде Ержан Чукуров (Сырым ауданы), 60 келіде Алмаз Туркаев (Тасқала ауданы),70 келіде Айбол Оразғалиев (Сырым ауданы), 80 келіде Ришад Молдашев (Теректі ауданы) 90 келіде Ринат Абатұлы (Ақжайық ауданы), аса ауыр салмақ дәрежесінде Сұңғат Махамбет (Орал қаласы) жеңіс тұғырының бірінші сатысынан көрінді.
Әр салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталған соң, түйе балуандыққа таласы бар бура санды жігіттер жеребе тартып, қарсыластарын анықтады. 13 балуан бақ сынаған бұл белдесу өте тартысты өтті. Соңғы сынға дейін қарсылас шақ келтірмеген Сұңғат Махамбет финалда жерлесі Дамир Қалақовты айқын басымдылықпен ұтып, сайыстың түйе балуаны атанды. Жарыс жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Батыр бабамыздың тоқсан жылдығына арналған салтанатты жиын барысында жиылған жұрт алдында көрініс тапты.
Бұл күнгі мерекеден батыр атындағы орта мектеп те құр қалмады. Балуандар белдесуінің ізінше С.Жақсығұлов атындағы орта мектепте өткен мерекелік жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен аудан әкімі Санжар Әлиев бастаған бір топ делегация Садық Жақсығұлов атындағы орта мектепте өткен мерекелік жиынға қатысты. Мектеп ауласында орналасқан батыр ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, жиналғандар майданда қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Мектептің акт залында Садық Шәкелұлы туралы бейнефильм көрсетіліп, келген қонақтар құттықтау сөз сөйледі. Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов батырдың туған жерінде орнатылған ескерткіштері бейнеленген естелік суретті мектеп ұжымы мен батырдың қызы Тамара Жақсығұловаға тарту етті. Осы салтанат барысында Айтқали Нәріковтың «Тасқала тарланы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Сонымен қатар Садық атамыздың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған «Батырға тағзым» жас жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды. Жыр бәйгесінің жеңімпазы Меңдібек Лұқпанов тыңдармандарға батыр рухына арнаған өлеңін оқып берді. Шара барысында дәстүр бойынша бірінші сынып оқушылары «Жас жақсығұловшылар» ұйымына қабылданды. Балдырғандардың өңіріне арнайы төсбелгіні Бақтияр Мәкенұлы мен Тамара Садыққызы тақты.
Мектепте өткен басқосудан соң аудандық мәдени-демалыс орталығының концерт залында батырды еске алуға арналған салтанатты жиын өтті. Аталмыш жиында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен аудан халқын Садық Жақсығұловтың 90 жылдық мерейтойына байланысты мерекелерімен құттықтады. Жоғарыда аталғандай осы шара барысында Бақтияр Мәкенұлы мен Санжар Жұматайұлы батыр атындағы турнирдің түйе балуаны Сұңғат Махамбетке «Лада Гранта» автокөлігінің кілтін табыстады.
Сондай-ақ, батырдың туған жерінен келген Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов Тасқала жұртына жаңақалалықтардың сәлемін жеткізді. Бұл тек қос ауданның емес, күллі қазақ елінің мерекесі екенін тілге тиек етті. «Келер жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ономастикалық комиссия құп көрсе, жерлес батырымызға Жаңақала ауданында да көше мен мектеп атын береміз»,- деді Лавр Рашитұлы. Әрі қарай шара мерекелік концертке ұласты.
Рауан Таңатжанұлы